ҒЗЖ және ТАБӘ бөлімі

10.02.2023

Қаңтар айында, ҒЗЖ және ТАБӘ ғылыми қызметкері Т.М Жапарқұлов, Ақсай филиалының биолог-аңтанушысы К. Жазылбектің  қатысуымен Қызылкүнгей шатқалында далалық бақылау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ғылыми тақырып негізінде ҚР қызыл кітабына кіретін ілбістердің қысқы мекенінде бақылау жүргізіліп, 1 дана фотоқақпан орнатылды. Жол-жөнекей 2 қасқыр ізі, бірнеше рет (5) көлденең қима қабан іздері, 4 рет елік іздері кездесті. Фотоқақпан орнатылған жерде таутеке құмалақтары, тас сусары қилары жатты. Сондай-ақ ілбістің ірі әрі көлемді ізі байқалды. Шатқалдың аралас орман белдемінде бірнеше құс түрлері суретке түсірілді (қылғытпа сайрақ, сарыбауыр шымшық, үңгірек т.б). Ауа райы құбылысы күн ашық болғанымен аяз қатты болып, таудың жоғарғы белдемінде жел тұрды. Жоғарғы белдемде қар қалың. Ал күнгей аймақта мұзды тоңды болды.

Қаңтардың 31 күні, Медеу филиалы, Үлкен Алматы орманшылығының мемлекеттік инспекторы Е.Сұраншиновпен бірлесіп, Қасқабас сайына Түркістан сілеусінінің жүру мүмкіндігі бар аймаққа 1 дана фотоқақпан орнатылды. Далалық жұмыс барысында еліктің тіршілік белгілері (құмалақтары), жатақ орындары, көлденең қима іздері байқалды және қабанның соқпақ жолдары кездесті. Ауа-райы ашық болып, жапырақты ағаштарда бүрлену процессі көрінді. Шатқалдың күнгей бетінің қары аз, әрі тоңды болып жатты.