Қатал қыстың қалың қары еріп, жер беті ерте еріген қар суы мен алғашқы көктемнің жылуын сіңіріп, бәйшешек гүлінің бүршік жаруына қолайлы жағдай жасай бастайтын жылдың мамыражай жылы мезгілі де келіп жетті. Топырақтың тек алғашқы құнарын сіңіретін бәйшешек өсімдігінің гүлдеуі басқа өсімдіктердің гүлдеу маусымының ізашары саналады. Осындай ерекше ерте оянатын бәйшешек гүлі еліміздің басым бөлігіндегі қардың кетуімен жарыса өзінің ақ, көгілдір немесе күлгін түсті күлте жапырақтарымен жердің бетін сәндеп, халыққа көктем райын сезіндіреді.
Өсімдікке бай Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында 2000-ға жуық өсімдік түрі өссе, оның ішінде 35 түрі ҚР-ның Қызыл кітабына енген. Соның бірі – Алатау бәйшешегі. Алатау бәйшешегі (лат. Crocus alatavicus) – құртқашаштар тұқымдасына жататын, Қазақстан аумағында өсетін, бәйшешектің бір түрі. Ірі қиыршық тасты, сазды беткейлерге, шабындықты және далалы учаскелерге тау етегінен орман белдеуінің жоғарғы шекарасына дейінгі бұта иеліктерінде өседі. Биіктігі 10-30 см-ге дейін, сабақ түбінде шоқталған, гүлдері дара, жиірек екі-төрттен воронка тәрізді. Гүлсерігінің жапырақтары аппақ, ұзындығы 4 см, сырт жағы сұрғылт күлгін, барлық бәйшешектердің сабағы жетілмеген, сондықтан түтік гүлді топырақтың бетіне алып шығады. Бәйшешек жылдың әр түрлі кезеңінде гүлдейді: қаңтар-наурыздан сәуірге дейін, сәуірден мамырдың аяғына дейін. Сондықтан оңтүстікте оны «подснежник», қазақша «бәйшешек» деп атайды. Бәйшешек жоғары декоративтілігімен, ерте гүлдеуімен ерекше бағаланады.
Қазіргі таңда бәйшешек неге азайып барады? Алатау тауының бөктерінде наурыз айынан бастап гүлдейтін бұл сәндік өсімдік көпшіліктің назарын өзіне аударатыны сөзсіз, алайда бұл өсімдіктің сандық құрамының азайып, ареалының тарылып бара жатқанын ескермейтін азаматтарымыз бұл әдемі өсімдікті заңсыз жұлады. Одан бөлек шаруашылық-антропогендік факторлар әсерініен жойылып бара жатқан өсімдік бүгінгі таңда еліміздің «Қызыл кітабынан» орын алып, арнайы қорғау шарасы жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339 бабына сәйкес, өсiмдiктердің сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн, олардың бөліктерін сондай-ақ, пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді, олардың бөліктерін заңсыз алу, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, салып жіберу, тасымалдау немесе жою – үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не, сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не, сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады! Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген әр гүлді өсімдікке (бәйшешек) келтірілген залал сомасы – 0,5 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды. 2023 жылғы АЕК – 3 450 құрайды.
Іле-Алатау МҰТП кіші ғылыми қызметкері Үсен С.
Наш менеджер перезвонит вам в течении 10 минут