Желтоқсан айы басталысымен, Алматының сауда үйлерінде, орталық алаңдарында, демалыс орындары жаңа жыл қарсаңына орай шыршамен тіктеліп, безендіріле бастайды. Қала жалт-жұлт етіп, ерекше кейіпке енеді. Орталық алаң да өзгеше құлпыра түседі. Шыршаны орманнан қиып әкелмейді, жасанды. Дұрыс-ақ бұлары. Бес күнгі қызыққа бола өсіп тұрған шыршаға балта шабу – қате. Десек те, кейбір ауыл-аймақтарда шырша кесіп, алаңға орнату әлі де тыйылмай тұр. Ал облыс орталықтарында қанша жылдан бері мерекені жасанды шыршамен-ақ өткізіп жүр. Шырша жаңа жылдық көңіл күй сыйлайды. Шыршаны қызықтап суретке түсіп жүрген жұрттың қатары да қалыңдайды.
Қазақ дәстүрінде жаңа шыққан көкті жұлмайды, ағаш бүрлерін үзбейді. Көк шыбықты, көк өркенді сындырмайды. Өйткені жас өркеннің бәрі бақыттың бастамасы, барлық тірліктің қайнар көзі деп біледі. Көк жұлсаң көктей соласың деп ырымдайды.
Жаңа жыл жақындағанда шырша саудасы қыза түседі. Бұл кезде қылқан жапырақты ағашты заңсыз кесіп қана қоймай, тасымалдап сататындар көбейеді. Жалпы қоршаған ортаға, табиғатқа залал келтіруге ешкімнің құқы жоқ. «Шырша» республикалық шарасы жыл сайын өткізіліп келеді. Әр нәрсенің сұрауы бар екенін ұмытпағанымыз жөн.
Біз осындай заңсыздықтың алдын алу үшін, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында жаңа жыл алдындағы қылқан жапырақты ағаш тұқымдыларының жас талдарын қорғауды күшейту жөнінде жедел шаралар қолдану туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2022 жылдың 15 қарашасындағы №27-5/287 бұйрығына сәйкес бақылау жұмыстары басталды.
2022 жылдың 1 желтоқсанынан бастап құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен жедел топтар құрылып, кезекшіліктер ұйымдастырылуда. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қылқан жапырақты ағаштарға жанашырлықпен қарау туралы – түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іс-шара жыл соңына дейін жалғасады. Ағаштарды заңсыз кесу немесе жою заңмен қудаланады.
ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 31 мамырындағы №441 қаулысымен бекітілген ҚР орман заңнамасын бұзудан келтірілген залалдың мөлшері жеке және заңды тұлғалардың ағаш және бұта тұқымдастарын, екпелерді, көшттерді, орман фаунасы үшін пайдалы шөп өсімдіктерін жойғаны немесе зақымдағаны, ормандағы санитарлық ережелерді, ағаш кесу ережелерін бұзғаны үшін, жаңа жыл алдындағы
кезеңде (қараша-желтоқсан) қылқан жапырақты тұқымдастарға келтірілген залалды өтеу 15,0 айлық есептік көрсеткіш(АЕК) мөлшерінде.
Ал, табиғат заңнамасын ерекше қорғалатын табиғи аумақта бұзғаны үшін, ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау ҚР ӘҚК 381-1-бабының тармақтары бойынша жауапқа тартылады.
1. Үй маңындағы, саяжай мен бақша учаскелеріндегі ағаштар мен бұталардан басқа, бір жүз (100) айлық есептік көрсеткішке дейін залал келтіре отырып, орман қорына кірмейтін және кесуге тыйым салынған ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау, сол сияқты орман дақылдарын, орман питомниктері мен плантацияларындағы егілген не отырғызылған көшеттерді, сондай-ақ ормандарды молықтыру және орман өсіруге арналған алаңдарда өзі өсіп шыққан шыбықтарды, өскіндерді не қолдан отырғызылған екпелерді жою немесе зақымдау –
заңсыз кесілген ағаштар мен бұталар, көрсетілген бұзушылықтарды жасау құралы болған бұзушының көлік құралдары және өзге де заттары тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – елу (50), лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз елу (150), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз (200), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бес жүз (500) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2. Бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейін залал келтіре отырып, орман қорына кіретін ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау –
заңсыз кесілген ағаштар мен бұталар, көрсетілген бұзушылықтарды жасау құралы болған бұзушының көлік құралдары және өзге де заттары тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – бір жүз, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – үш жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – төрт жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда немесе әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –
заңсыз кесілген ағаштар мен бұталар, көрсетілген бұзушылықтарды жасау құралы болған бұзушының көлік құралдары және өзге де заттары тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – бір жүз елу, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – төрт жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – алты жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Іле-Алатау МҰТП
кіші ғылыми қызметкері
Еңкебай М.Қ.
Наш менеджер перезвонит вам в течении 10 минут