«Таза Қазақстан», «Парктер шеруі» акциялары аясында өткен табиғат қорғау шарасы

Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бастамасымен және ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан», «Парктер шеруі» республикалық экологиялық акциялары аясында көгалдандыруға бағытталған табиғат қорғау іс-шарасы өткізілді.

Шараға Алматы қаласындағы №201 мектеп-гимназиясы және №186 жалпы білім беретін мектептің мектеп орманшылықтары белсене қатысып, оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар мен ұлттық парктің мамандары бірлесе жұмыс атқарды.

Іс-шараның мақсаты – оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа деген жауапкершілік сезімін арттыру, сондай-ақ мектеп аумағын көгалдандыру арқылы қоршаған ортаның сапасын жақсарту.

Шара барысында мектеп аумағында ағаш көшеттері отырғызылып, гүлзарлар мен жасыл аймақтар абаттандырылды. Қатысушыларға табиғатты қорғау мен оны қалпына келтірудің маңыздылығы жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Бұл бастама өскелең ұрпаққа табиғатты аялау мен қорғаудың маңызын ұғындыруға, экологиялық туризм мен табиғатты сақтау мәдениетін дамытуға оң ықпал етеді.