Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бақылау-өткізу бекеттерінде автоматтандырылған жүйе кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр. Бұл — келушілер үшін қолайлы жағдай жасау, әрі көлік қозғалысын реттеуге бағытталған маңызды қадам.
Демалыс күндері Алмарасан мен Аюсай шатқалдарына ағылатын автокөліктердің саны артып, ұзын-сонар кезек пен кептеліс туындайтын. Осы мәселені шешу мақсатында жаңа жүйе іске қосылды. Енді автокөлік жүргізушілері алдын-ала төлем жасап, кедергісіз өте алады.
Жаңа жүйе көліктің мемлекеттік нөмірін автоматты түрде оқып, QR-код арқылы төлем жасауға мүмкіндік береді. Бұл — уақыт үнемдеумен қатар, ашықтық пен тәртіпті қамтамасыз етудің тиімді жолы.
Автоматтандырылған жүйе Алмарасан, Қаскелең, Бұтақты және Түрген шатқалдарында іске қосылды. Жақын уақытта Есік көлі және Ақсай шатқалында да орнату жоспарда бар.