🔹11 ЖЕЛТОҚСАН — ТАУЛАР КҮНІ
Іле Алатауы ұлттық паркі — Алматы өңірінің табиғи тепе-теңдігін сақтап тұрған ерекше экожүйе. Парк аумағында өркештене тізбектеліп жатқан таулар, мұзарт шыңдар мен мұздықтар — табиғаттың баға жетпес мұрасы.
Іле Алатауының жоталары 120 шақырымға созылып, өңірдің су қорын қалыптастырады және жүздеген аң-құс пен мыңдаған өсімдіктің тіршілігіне негіз болады. Осы жоталарда биіктігі 4000 метрден асатын 200-ден аса шың орналасқан.
Ең биік әрі танымал шыңдар:
Хрищатов (3950 м), Абай (4010 м), Бауыржан Момышұлы (4075 м), Панфиловшылар (4120 м), Жастар (4147 м), Сәтпаев (4317 м), Партизан (4390 м), Көлді (4126 м), Тұйықсу (4218 м), Погребецкого және т.б.
Ал мұздықтарға келер болсақ, Ұзын Қарғалы, Шамалған, Қаскелең, Ақсай, Қарғалы, Үлкен және Кіші Алматы, Талғар, Есік, Түрген алаптарында 198 мұздық бар.
Орасан тау сілемдері, аспанмен таласқан шыңдар мен маңғаз мұздықтар кез келген адамға ерекше әсер қалдырады. Бұл мұзарт әлем — тек көздің жауын алатын көрініс емес, өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтап тұрған тіршілік тірегі.
Табиғаттың осы асыл қазыналарын қорғау және болашақ ұрпаққа аман жеткізу – баршамызға ортақ міндет.


