Бір соқпақта – бес түрлі жануар: Іле-Алатауда фототұзақ сирек кадрларды тіркеді
Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген және сирек кездесетін жануарларды қорғау мен мониторинг жүргізу жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылуда.
Кезекті бақылау барысында жануарлар жиі пайдаланатын бір ғана соқпаққа орнатылған фототұзақ бірқатар құнды деректерді тіркеді. Қыс мезгілінде аталған аумақта доңыз (Sus scrofa), таутеке (Capra sibirica), ақкіс (Mustela erminea), кекілік (Alectoris chukar) және аса сирек кездесетін ілбіс (Panthera uncia) жүргені анықталды.
Бұл деректер аталған аумақтың жабайы жануарлар үшін табиғи «түйісу нүктесі» екенін көрсетеді. Әсіресе, ілбістің тіркелуі мониторинг жұмыстарының тиімділігін дәлелдей түседі. Ілбіс – таулы экожүйенің жай-күйін көрсететін негізгі индикаторлық жыртқыш.
Қазіргі таңда Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен оған іргелес аумақтарды қоса алғанда, ілбістердің шамамен 40 дарағы есепке алынған. Фототұзақтар арқылы алынған мұндай деректер жабайы жануарларды ғылыми тұрғыда зерттеуге, олардың санын бақылауға және мекендеу ортасын сақтауға кең мүмкіндік береді.