«Іле Алатауының биоалуантүрлілігі»

Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Биология кафедрасының бірлесуімен парктың 30 жылдық мерейтойы аясында «Іле Алатауының биоалуантүрлілігі» атты ғылыми-тәжірибелік семинар жоғары деңгейде өткізілді.

Ауқымды шараға университеттің ғылыми қауымдастығы, зерттеушілер, докторанттар мен ұлттық парк мамандары қатысып, табиғи экожүйелерді сақтау, биоалуантүрлілікті қорғау, орман қорын молайту және заманауи ғылыми зерттеулердің өзекті бағыттары кеңінен талқыланды.

Семинар барысында жас ғалымдардың ғылыми баяндамалары ұсынылып, тәжірибе алмасу алаңы қалыптасты. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың маңызы, сирек кездесетін флора мен фаунаны қорғау мәселелері назарға алынды.

Іс-шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен үндесіп, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін арттыруға бағытталды. Сонымен қатар таулы аймақта қауіпсіз жүріп-тұру, туристік тәртіп пен табиғат аясындағы жауапкершілік қағидаттары кеңінен түсіндірілді.

Семинар қорытындысында белсенді қатысушылар марапатталып, табиғатты қорғау бағытындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз қаланды.

Іле Алатауы – Алматы қаласының табиғи қалқаны, еліміздің экологиялық тұрақтылығының маңызды тірегі. 🌿