«Парктер шеруі – 2026» халықаралық табиғат қорғау акциясының салтанатты ашылуы тек дәстүрлі іс-шара ретінде ғана емес, қоғамды табиғатты қорғау ісіне жұмылдыратын маңызды экологиялық бастама ретінде өтті.
2026 жылдың 23 наурызында Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде өткен бұл шара Наурызбай ауданы оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында ұйымдастырылып, түрлі сала өкілдерінің басын қосты. Ашылу рәсіміне ұлттық парк қызметкерлері, мектеп орманшылығының оқушылары, еріктілер, студенттер, эко-белсенділер, экоблогерлер мен БАҚ өкілдері қатысып, табиғатты қорғау мәселесіне бейжай қарамайтын орта қатысты. Іс-шараға @samal_water компаниясының қолдау көрсетуі де экологиялық жауапкершіліктің бизнес тарапынан да маңызды екенін көрсетті.
Бағдарлама аясында құттықтау сөздер айтылып, жас орманшылар өз өнерлерін паш етті. Сонымен қатар, қатысушылар тек сөз жүзінде емес, нақты іс арқылы үлгі көрсетіп, ағаш отырғызу акциясына белсене қатысты. Атап айтқанда, Іле Алатауының символына айналған Шренк шыршасының көшеттері отырғызылды. Көрмелер ұйымдастырылып, табиғатты қорғауға үлес қосқан белсенді қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды.
Бұл шара 23 наурыз – Наурызнама аясындағы Тазалық күнімен ұштасып, экологиялық мәні одан әрі күшейе түсті. Осыған орай, «Парктер шеруі – 2026» акциясының ашылуы сенбілік форматында жалғасып, қатысушылар тазалық жұмыстарын жүргізіп, ағаш отырғызу арқылы табиғатқа қамқорлық көрсетті. Бұл – мерекелік күннің мазмұнын тереңдетіп, оны тек символикалық емес, практикалық маңызы бар экологиялық акцияға айналдырды.
Айта кету керек, биыл Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы мерейтойлық жыл аясында «Парктер шеруі» акциясы да 30-шы рет ұйымдастырылып, оның маңыздылығы мен тарихи сабақтастығын айқындай түсті. Бұл – табиғатты қорғау ісінің жүйелі түрде жалғасып келе жатқанын және оның қоғам өміріндегі орны ерекше екенін көрсетеді.
Аталған акцияның басты мақсаты – жас ұрпаққа табиғатты аялау мәдениетін сіңіру, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың маңыздылығын кеңінен түсіндіру және қоғамда экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру. Биылғы «Парктер шеруі» аясында ұлттық парк аумағында бірқатар экологиялық бастамалар мен табиғатты қорғауға бағытталған іс-шаралар жалғасын табатын болады.
Баршаңызды табиғатты қорғау қозғалысына белсенді қатысып, қоршаған ортаны сақтау жолында бірге әрекет етуге шақырамыз!