«Парктер шеруі – 2026» және «Таза Қазақстан» экологиялық табиғат қорғау акциясының ашылу салтанаты Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түрген филиалының ұйымдастыруымен Есік қаласының Мәдениет үйінде өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны сүюге баулу, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру, жастарға экологиялық және патриоттық тәрбие беру, сондай-ақ қоғамда табиғатты қорғау құндылықтарын насихаттау мен экотуризмді дамыту.
Ашылу салтанатына Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің филиалдары, білім беру ұйымдары, колледж студенттері, белсенді жастар және қала тұрғындары қатысып, жалпы саны 500-ге жуық адам қамтылды. Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, ұлттық парк басшылығының құттықтау сөзімен жалғасты.
Келушілерге экологиялық жобалар, көрмелер, эко-бұйымдар, фотозона мен қолөнер туындылары ұсынылды. Сонымен қатар, концерттік бағдарлама аясында ән, би, күй, көркемсөз қойылымдары ұсынылып, эстрада әншілері өнер көрсетіп, мерекелік кештің сәнін келтірді.
Акция соңында белсенді қатысушылар мен серіктестер алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталып, естелік суретке түсу рәсімімен қорытындыланды.
Табиғатты болашақ ұрпақ үшін бірге сақтайық!