«Парктер шеруі» экологиялық табиғат қорғау акциясы аясында Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қызметкерлері мен мектеп орманшылығының оқушылары бірлесе тағылымы мол танымдық іс-шара өткізді. Бұл шара ұлттық парк пен мектеп орманшылығы арасындағы тығыз ынтымақтастықтың, жас ұрпаққа экологиялық тәрбие мен рухани құндылықтарды қатар дәріптеудің жарқын көрінісі болды.
Табиғат пен кітап — егіз ұғым. Табиғат – тіршіліктің алтын бесігі болса, кітап – сол табиғаттың сырын танытатын рухани қазына. Осы идеяны негізге алған іс-шара барысында табиғат тақырыбындағы көркем әдебиеттерден мазмұнды әрі көркем безендірілген көрме ұйымдастырылып, оқырман қауымға ерекше ықыласпен ұсынылды. Кітап беттерінен сыр шертетін табиғат әсемдігі көрме арқылы көрініс тауып, келушілерге ерекше әсер сыйлады. Оқушылар ақын-жазушылардың туған жер, табиғат, қоршаған ортаны аялау туралы шығармаларын оқып, табиғатты сүю мен қорғаудың маңызын насихаттады.
Мектеп орманшылығы оқушылары ұлттық парк мамандарымен бірге табиғатты қорғау мәдениеті мен кітап оқу дәстүрін ұштастыра отырып, жасыл мұраны сақтаудың рухани негізі білім мен тәрбиеде екенін көрсетті. Өйткені орманды қорғау – тек табиғатты аялау емес, ол ұрпаққа мұра қалдыру, ал кітап – сол мұраны санамен сақтайтын күш.
Іс-шараның мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапқұмарлықты дәріптеу, ұлттық әдебиетті насихаттау және жас буынның табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастыру болды.
Ерекше форматтағы челлендж аясында 1000 оқушы бір мезетте Абай Құнанбайұлының «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» поэмаларын жатқа оқып, көпшілікке рухани серпіліс сыйлады. Әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған оқушылар шығармаларды ерекше нақышпен орындап, шара мазмұнын тереңдете түсті.
Шараның көркемдік деңгейін арттырған ерекше сәт – суретші Мамыт Басшыбаевтың поэма оқу барысында құм түйіршіктері арқылы ұлы Абайдың бейнесін салуы болды. Бұл көрініс сөз өнері мен табиғат өнерінің үндестігін айшықтады.
Ұлттық парк пен мектеп орманшылығының бірлескен бұл бастамасы жасыл мұра мен кітап мұрасының өзара сабақтас екенін тағы бір дәлелдеді.
Табиғатты қорғау – ұрпақ алдындағы аманат!
Кітап – рухани байлықтың қайнар көзі