Тянь-Шань қоңыр аю

Түнгі фототұзақ Тянь-Шань қоңыр аюының ерекше кадрларын түсірді
Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жабайы жануарларды тұрақты бақылау жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Фототұзақ арқылы Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген Тянь-Шань қоңыр аюының тұрақты жүретін соқпағы анықталып, мониторинг жүргізуге арналған тағы бір маңызды нүкте белгіленді.
Кәдімгі қарағай ағашына бағытталған фототұзақ объективіне жыртқыш аңның ерекше сәттері түсіп, түнгі уақытта бірнеше қызықты бейнесюжеттер жазылып алынды. Бұл кадрлар аюлардың табиғи тіршілігі мен мінез-құлқы туралы маңызды ақпарат берді.
Бейнематериалдарда аюлардың ағашқа арқасы мен қасынуын жиі байқауға болады. Бұл — олардың аумақ белгілеу тәсілдерінің бірі. Жалпы, қоңыр аюлар өз территориясын белгілеу үшін бірнеше әдісті қолданады:
▪️ ағаштарға арқасын, денесін үйкеу және сілекей жағу;

▪️ тырнақ іздерін қалдыру;

▪️ жер қазып, шұңқыр жасау;

▪️ белгілі бір соқпақпен қайта-қайта жүру;

▪️ нәжіс секілді тіршілік белгілерін қалдыру.
Әдетте аталық аюлардың дене тұрқы аналықтарға қарағанда ірі келеді. Ал қорек қоры жеткілікті болған жағдайда бірнеше аюдың аумағы бір-бірімен түйісуі мүмкін.
Табиғатты қорғау — болашақ ұрпақ алдындағы ортақ міндет.
Жабайы жануарлардың табиғи мекенін сақтау — экожүйе тұрақтылығының кепілі.