Almaty Superski жобасын жүзеге асыру аясында жобалау-іздестіру жұмыстары басталды.
Almaty Superski жобасы жаңа кезеңге өтті – жобалау-іздестіру жұмыстары басталды.
Жобалау-іздестіру жұмыстарының (ЖІЖ) мақсаты – қоршаған ортаға түсетін әсерді бағалау, оңтайлы техникалық шешімдерді анықтау, сондай-ақ жобалауды әрі қарай жүзеге асыруға қажетті негіз қалыптастыру болып табылады.
ЖІЖ аясында жер бедерін, топырақ пен жер асты жағдайларын жан-жақты зерттеуге бағытталған геодезиялық және геологиялық зерттеулер жүргізіледі.
Геодезиялық жұмыстарға топографиялық түсірілім, биіктік белгілері мен координаттарды анықтау, жер телімі шекараларын нақтылау, сондай-ақ жоспарланып отырған нысандарды орналастыру сызбаларын дәл әзірлеу кіреді.
Геологиялық зерттеулер топырақты талдау, сынама алу, топырақтың физика-механикалық қасиеттерін зерттеу, сондай-ақ сейсмикалық тұрақтылық пен ықтимал табиғи тәуекелдерді бағалауды қарастырады. Бұл деректер таулы аймақтың ерекшеліктерін және қоршаған ортаны қорғау талаптарын ескере отырып, инфрақұрылымды қауіпсіз әрі орнықты жобалау үшін қажет.
Almaty Superski жобасы заманауи тау-шаңғы инфрақұрылымын салуды көздейді, оның ішінде 16 аспалы жол және әртүрлі деңгейдегі 60 шақырымнан астам шаңғы трассалары қарастырылған. Маңызды жайт – трассалардың бір бөлігі бастаушы шаңғышыларға арналған, бұл тау шаңғысын кеңінен насихаттауға және спорттың осы түрін халықтың кең тобы үшін қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыруда экологиялық жауапкершілік пен қолжетімділікке ерекше назар аударылады. Барлық жұмыстар табиғатты қорғау нормалары мен халықаралық стандарттарға сәйкес орындалатын болады. Жаяу және тау велосипеді туризміне арналған маршруттарды дамыту, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар келушілер үшін инклюзивті инфрақұрылым құру жоспарланған.
Табиғатқа әсерді барынша азайту үшін тұрақты даму қағидасын ұстана отырып құрылыс саласындағы үздік халықаралық тәжірибелер қолданылады. Экожүйенің жағдайына (ауа, су, топырақ) тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Жобаны әлемдік беделге ие халықаралық кеңесші – PGI компаниясы сүйемелдейтін болады. Компания 1957 жылы Андоррада құрылған және тау-шаңғы индустриясында стратегиялық жоспарлау, маркетинг, операцияларды басқару және консалтинг саласында маманданған. Жылдар бойы компания әлемнің төрт континентінде 120-дан астам курорттық жобаларды жүзеге асыруға қатысып, Еуропа мен Азиядағы туризмнің тұрақты дамуының табысты үлгілеріне айналған.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Kazakh Tourism Development Ltd компаниясының директорлар кеңесінің отырысын өткізіп, онда Almaty Superski туристік жобасын жүзеге асыру мәселелері қаралып, PGI компаниясымен бірлесіп әзірленген жаңартылған мастер-жоспар таныстырылған болатын.
