Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен Ахметов Елнұр Мұхамеджанұлы Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне бас директор болып тағайындалды.
Елнұр Мұхамеджанұлы 1984 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ол Қазақ ұлттық аграрлық университетін “орман шаруашылығы инженері” мамандығы бойынша бітіріп, кейін ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі дәрежесін алған. 2019 жылы “Silkway” халықаралық университетін “құқықтану” мамандығы бойынша тәмамдады.
Елнұр Ахметовтың еңбек жолы 2006 жылы Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде мемлекеттік инспектор қызметінен басталды. Кейін орманшының көмекшісі, орманды қорғау инженері қызметтерін атқарды.
2009–2010 жылдары Ақсай филиалы директорының орынбасары және Талғар филиалының директоры қызметтерін атқарды. 2013 жылы “Көлсай көлдері” және “Шарын” ұлттық парктері директорларының орынбасары болды. 2013–2023 жылдары Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры, ал 2023–2025 жылдары “Көлсай көлдері” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры қызметін атқарды.
Бұған дейін Іле-Алатауы ұлттық паркінің бас директоры қызметін атқарған Қонақбаев Айбек Сапарбекұлы басқа жұмысқа ауысты. Айбек Сапарбекұлына ұлттық паркке сіңірген еңбегі үшін алғысымызды білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тілейміз!