«Еуразиядағы тау экожүйелерінің сақталуы мен тұрақты дамуы»

Іле Алатауы ұлттық паркінің 30 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті
2026 жылғы 18 маусымда Алматы облысындағы «Oi-Qaragai» тау курортында Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдығына арналған «Еуразиядағы тау экожүйелерінің сақталуы мен тұрақты дамуы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып, тау экожүйелерін сақтау, биоалуантүрлілікті қорғау, климаттық өзгерістер жағдайындағы табиғи кешендердің тұрақтылығы және экотуризмді тұрақты дамыту мәселелеріне арналды.
Конференцияға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми-зерттеу мекемелерінің, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан өңірлері мен Түркия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген делегаттар қатысты.
Іс-шара барысында «Болашақ ұрпаққа мұра» уақыт капсуласын орналастыру рәсімі өтіп, капсула 20 жыл мерзімге сақтауға қойылды. Сонымен қатар тікелей телемост ұйымдастырылып, ұлттық парктің мемлекеттік инспекторлары 30 жылдық рәміздік туды теңіз деңгейінен 3684 метр биіктіктегі Үлкен Алматы шыңына орнатты.
Конференция аясында ұлттық парктің инвестициялық әлеуеті, экотуризмді дамыту жобалары, флоралық әртүрлілікті сақтау, сирек және миграциялық жануарлар түрлерін қорғау, сондай-ақ тау экожүйелерінің тұрақтылығы мәселелері талқыланды.
Іле-Алатауы ұлттық паркі 1996 жылы құрылған. Бүгінде оның аумағы 200 мың гектардан асады. Соңғы 30 жылда 5 миллионнан астам ағаш көшеті отырғызылып, сирек кездесетін жануарлар санын сақтау және көбейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді.
Аталған конференция табиғатты қорғау саласындағы тәжірибе алмасуға, ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және Еуразияның тау экожүйелерін сақтау жөніндегі бірлескен бастамаларды дамытуға мүмкіндік берді.