ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТРЕНИНГ АЯСЫНДА ІЛЕ АЛАТАУЫНДА ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ ИНФОТУРЫ ӨТТІ

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде халықаралық тренинг аясында Қазақстанның әр өңірінен және шет мемлекеттерден келген қатысушылар үшін тәжірибе алмасуға бағытталған инфотур ұйымдастырылды.

Қатысушылар ұлттық парктің табиғи және рекреациялық нысандарымен, визит-орталықтардың қызметімен, орман аумақтарын қорғау, табиғи өрттердің алдын алу және өртке қарсы іс-қимыл жұмыстарын ұйымдастыру тәжірибесімен танысты.

Бағдарлама барысында Өткелді шатқалындағы абаттандырылған жаяу соқпақ, «Шымбұлақ» тау курорты, «Жұмбақ жол» бағыты және «Апа Катя» визит-орталығы қамтылды.

Сондай-ақ Медеу филиалының Үлкен Алматы орманшылығында орналасқан I типті өрт сөндіру станциясының жұмысы таныстырылып, арнайы техника мен өрт сөндіру құралдары көрсетілді. Қатысушылар таулы және техника жетуі қиын аумақтарда орман өрттерін сөндіру тәсілдері бойынша тәжірибе алмасты.

Инфотур табиғи аумақтарды қорғау, орман өрттерінің алдын алу және рекреациялық қызметті тиімді ұйымдастыру бағытындағы тәжірибелік өзара іс-қимылды нығайтуға мүмкіндік берді.