Сырт бейнесі ерекше көрінетін орман қарақасы (орман маубасы-Dryomy nitedula) – аталатын кішкене аңды көрдіңіз бе? Ұлттық парк аумағының жемісті ормандарында байқауға болады. Бірақ жиі көрдім дегендер сирек. Себебі ол тіршілігінің басым бөлігін ұйқыда өткізеді. Орман қарақасы – ұсақ (ұзындығы 8-13 см, құйрығы 6-12 см) қарақас тұқымдасының кеміргіші. Денесінің жоғарғы жағы сарғыш қоңыр, төменгі жағы ақшыл түсті, ұзын үлпілдек құйрығы оны кішкентай тиінге ұқсатады. Ал көздері арқылы қара жолақ өтеді. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс Қазақстан тауларындағы ағаштар мен бұталы тоғайларды қоныстайды. Жаңа өсімдіктен екі шығу тесігі бар, ішіне жүн мен мамық төсеген, шар тәрізді ұя салады. Ұясында 2-8, көбіне 4-5 соқыр ұрпағын дүниеге әкеледі. Түнде, ымыртта белсенді, күндіз ұйықтайды. Жеміс-жидектермен қоректенеді. Жемісті бақтарда зиян келтіруі мүмкін. Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында кең таралған түр ретінде анықталған. Аталған кеміргіштің орналасу тығыздығы 18 %(Слудский 77). Сондай-ақ, олар жасанды құс ұяларына жиі қоныстанады. Біздің өлкеде мекен етуі тұрақты болғанымен ХТҚО-ның (RL IUCN) қорғауына жатады.
Авторы: Іле-Алатау МҰТП ғ.қ Т.М Жапарқұлов
Фото авторы: Ақсай филиалының мемлекеттік инспекторы А. Аристов