Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде тау туризмі мен экологиялық инфрақұрылымды дамыту жалғасуда

Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында тау туризмін дамыту және қауіпсіз бағыттарды қалыптастыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінде ұлттық парктің танымал бағыттарында жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Соның ішінде, көпірлерді жөндеу, тау беткейлерін бекіту, баспалдақтар орнату, шолу алаңдарын жасау және демалуға арналған шағын инфрақұрылым орналастыру қолға алынған.
Аталған жұмыстар жазғы туристік маусымға дейін аяқталуы жоспарлануда.
Сондай-ақ, ұлттық парктің “Бақыт соқпағы – 2025” жобасы шеңберінде жаңа бағыттар ашу, демалуға қолайлы күркелер мен бағыт сілтегіш тақталар орнату, су мен электр қуатын қажет етпейтін халықаралық стандартқа сай экологиялық әжетханалар орналастыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, Іле-Алатауы ұлттық паркіне қарасты “Аюсай” визит-орталығында туристік нысандарға қолжетімділікті жақсартуға арналған көлік инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасы таныстырылды. Бұл жоба аясында Үлкен Алматы көліне апаратын жолдың да жөнделуі қарастырылған.
Ұлттық парк қызметі алдағы уақытта туристік бағыттардың қауіпсіздігін арттыру, экологиялық талаптарды сақтау және келушілерге ыңғайлы жағдай жасау мақсатында жұмыстарды жалғастырады.