Іле Алатауы ұлттық паркінде Қызыл кітапқа енген өрік көшеттері отырғызылуда
Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында орманды қорғау, молықтыру және қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жыл сайын мемлекеттік орман қорын толықтыру мақсатында жүз мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылады.
2026 жылға арналған жоспарға сәйкес ұлттық парк бойынша барлығы 179,2 мың дана екпе көшет отырғызу көзделген. Оның ішінде 40,5 мың данасын Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген кәдімгі өрік көшеттері құрайды.
Ағымдағы жұмыстар аясында Талғар филиалына қарасты Көкбастау орманшылығының Рахат сайында жалпы аумағы 7,0 гектар жерге 11 662 дана кәдімгі өрік көшеттері отырғызылды.
Аталған іс-шаралар Қазақстан Республикасы Президентінің 2 миллиард ағаш отырғызу бағдарламасы аясында, сондай-ақ ұлттық парктің 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, аталған шара аясында «30 Years — 30K Apricot Trees» экологиялық жобасы іске асырылуда. Жоба шеңберінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген кәдімгі өріктің 30 000 көшетін отырғызу жоспарланған. Бұл бастама табиғи экожүйелерді қалпына келтіруге, биоалуантүрлілікті сақтауға және орман қорын ұлғайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Аталған игі бастама Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 30 жылдық мерейтойына орай жүзеге асырылып, табиғатқа жасалған ерекше тарту ретінде бағаланады.
Жалпы ұлттық парк бойынша табиғи ортаға Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген кәдімгі өріктің 40 500 дана көшеттері отырғызылды.