Іле-Алатауы ұлттық паркінің Ақсай орманшылығында өрт сөндірілді 03.08.2025 жылы сағат 12:50 шамасында Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Ақсай филиалы, Ақсай орманшылығымен шекаралас Қарасай ауданы аумағында өрт тіркелді. Кейін өрт МОҚ аумағына өтіп, Ақсай орманшылығының 1-орам, 1-телімінде жалын шарпыды. Өрт сөндіру жұмыстарына Іле-Алатауы МҰТП бас директоры Е. Ахметов тікелей басшылық етті. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін келесі құрылымдар жұмылдырылды: – Іле-Алатауы МҰТП қызметкерлері – Қарасай ауданы және Алматы қаласы ТЖД – Жергілікті әкімдік – «Қазавиаорманқорғау» РМҚК – Ұзынағаш әскери бөлімінен әскери қызметкерлер Жалпы саны 100-ге жуық адам мен 20-ға жуық техника жұмыс істеді. Сонымен қатар, ТЖ департаментінен 1 тікұшақ тартылып, әуеден 6 рет су шашу жұмыстары жүргізілді. Өрттің шығу себебі мен жалпы аумағы анықталу үстінде. Өрт сағат 17:23-те толықтай оқшауланып, сөндірілді.