2026 жылғы 18 тамызда сағат 21:10-да Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түрген филиалына қарасты Түрген орманшылығының 70-орамында орман өрті анықталды.
Өртті Маловодный орманшылығының орман шебері Ж. Кикибаев анықтап, белгіленген тәртіпке сәйкес жедел түрде басшылыққа хабарлаған. Оқиға орнына Түрген филиалының қызметкерлері мен аудандық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары шығып, жағдай бақылауға алынды.
19 тамызда сағат 04:00-ден бастап өртті оқшаулау және сөндіру жұмыстарына қажетті күштер мен техника жұмылдырылды.
Өрт сөндіру жұмыстарына Түрген филиалынан 20 қызметкер мен 4 автокөлік, Алматы мемлекеттік кешенді қаумалынан 10 қызметкер мен 3 автокөлік, «Қазавиаорманқорғау» мекемесінен 7 қызметкер, 1 автокөлік және АН-2 ұшағы, жергілікті атқарушы органдардан 5 қызметкер мен 2 автокөлік, аудандық Төтенше жағдайлар департаментінен 30 қызметкер мен 13 автокөлік жұмылдырылды.
Жалпы өртпен күреске 72 адам, 23 автокөлік және авиациялық техника тартылды. Сонымен қатар МИ-8 тікұшағымен өрт ошағына әуеден 3 рет су төгілді.
Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде 19 тамызда сағат 07:00-де орман өрті оқшауланды. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт шамамен 13 гектар аумақты қамтыды.
Қазіргі уақытта өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасуда. Жағдай тиісті қызметтердің тұрақты бақылауында.