Инновациялық геошатыр орнатылды

Қазақстанда алғаш рет Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің аумағында, теңіз деңгейінен 3100 метр биіктікте инновациялық геошатыр орнатылды.

Парк қызметкерлері серіктестерімізбен бірге Мыңжылқы асуына көтеріліп, геошатырдың іргетасына алғашқы тасты қойып, кейін оны қала тұрғындары мен қонақтарының игілігіне ұсынды.

Геошатыр Іле Алатауының солтүстік баурайындағы Мыңжылқы өңірінде орналасқан. Ол күн панельдерімен және Starlink спутниктік интернетімен жабдықталған, бұл ауа райы қолайсыз болған жағдайдың өзінде тұрақты байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Шатыр ішінде келушілер демалып, ыстықтан немесе қолайсыз ауа райынан паналай алады, гаджеттерін қуаттап, Wi-Fi пайдалана алады. Бұл — саяхатшылардың күш жинауына, қажет кезде уақытша қорған табуына арналған қауіпсіз әрі қолайлы кеңістік.

Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі жобаны іске асыруға қолдау көрсеткен Kusto Group компаниясына шынайы алғыс білдіреді. Мұндай инфрақұрылым тау туризмі үшін аса маңызды, себебі геошатырлар шаршаған немесе жарақат алған туристердің денсаулығын, тіпті өмірін сақтап қалуға көмектеседі.

Бұл бастама — тау мен табиғатты сүйетіндердің барлығына арналған қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.