Өрт қаупі жоғары маусым қарсаңында Қарасай ауданының аумағында орналасқан Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Ақсай филиалында ауқымды өртке қарсы оқу-жаттығу шарасы өткізілді.
Оқу-жаттығуға барлығы 102 адам және 13 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – ерікті өрт сөндіру құрылымдары мен құтқару қызметтерінің табиғи өрттер жағдайындағы іс-қимылдарға дайындығын тексеру.
Оқу-жаттығу барысында шартты өртті оқшаулау және сөндіру бойынша практикалық іс-қимылдар, сондай-ақ төтенше жағдай кезіндегі барлық тартылған күштердің өзара әрекеттесу дағдыларын жетілдіру жұмыстары жүргізілді.
Орман күзеті, жергілікті атқарушы органдар, ерікті өрт сөндіру жасақтары мен еріктілердің қатысуымен түрлі қызметтер арасындағы келісілген іс-қимылдарға ерекше назар аударылды.
Еріктілер құтқарушылармен бірлесе отырып, жергілікті тұрғындар арасында жазғы кезеңдегі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Ұлттық парк аумағына келушілерге ашық от жағуға, қоқыс өрттеуге тыйым салынатыны, сондай-ақ түтін немесе жалын байқалған жағдайда уақтылы хабарлау қажеттігі туралы ескерту жасалды. Сонымен қатар, тұрғындарға өрт шыққан жағдайда атқарылатын іс-қимылдар тізімі мен шұғыл қызметтердің байланыс нөмірлері көрсетілген жадынамалар таратылды.