«Парктер шеруі – 2025» және «Таза Қазақстан» экологиялық акциялары аясында Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Талғар филиалында кең көлемді сенбілік өтті.
Іс-шараға Талғар ауданы, Қызыл-Қайрат ауылындағы №19 мектеп оқушылары мен ұстаздары, Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының федерациясы және Талғар филиалының қызметкерлері белсене қатысты.
Сенбілік барысында Сандықсай сайы толық тазартылып, 700 кг қоқыс шығарылды. Сайдың кіреберісіне ағаштан жасалған тақтайша орнатылды.
Сонымен қатар демалушыларға арналған орын абаттандырылып, үстел мен орындықтар орнатылды. Шараны ерекше ету мақсатында қыздар тобы парктер шеруінің жалаушаларымен флешмоб би орындады.
«Таза Қазақстан – таза болашақ» идеясын ұстана отырып, табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттыру, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсат етілді.
Бәріміз бірігіп табиғатты аялайық!