«Парктер шеруі – 2026

Халықаралық құстар күні және «Парктер шеруі – 2026» акциясының кезекті ресми ашылуы Медеу филиалында өтті.
«Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығында дәстүрлі «Парктер шеруі» халықаралық табиғат қорғау акциясының кезекті ресми ашылу салтанаты өтті.
Биылғы ауқымды шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында ерекше мазмұнда ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті нығайту, жастар арасында еріктілік қозғалысын дамыту және табиғатты қорғау ісіне қоғам назарын аудару.
Шараға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Биология кафедрасының профессор-оқытушылары мен студенттері, Алматы қаласы және облыс мектептерінің оқушылары, ұлттық парк қызметкерлері, еріктілер мен табиғат жанашырлары белсене қатысты. Қатысушылардың жалпы саны 500-ден астам болды.
Іс-шара бағдарламасы аясында:
«Таза табиғат – жарқын болашақ!» ағаш отырғызу акциясы өтті;
«Құстар біздің досымыз» тақырыбында құстарға ұялар ілінді;
оқушылар мен жас волонтерлердің үздік суреттері мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды;
ұлттық нақыштағы этно-ауыл, киіз үй көріністері және қазақы дастархан қонақтарға ерекше әсер сыйлады.
Сондай-ақ, белсенді волонтерлер марапатталып, «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы оқушыларының өнері тамашаланды. Шара соңында қатысушылар салтанатты шерумен жүріп өтіп, студенттер мен оқушылардың флешмоб билері көпшілік көңілінен шықты.
Іле Алатауының табиғи байлығын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Табиғатты аялау арқылы біз келер ұрпаққа таза әрі көркем қоршаған орта сыйлаймыз.