«Парктер шеруі – 2026» халықаралық табиғат қорғау акциясының салтанатты жабылу іс-шарасы өтті!
Биыл елімізде табиғатты сақтау мен экологиялық мәдениетті нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Парктер шеруі» халықаралық табиғат қорғау акциясы биыл 30-шы рет ұйымдастырылып, Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді.
«Парктер шеруі» мен «Таза Қазақстан» экологиялық бастамалары аясында табиғатты қорғауға, экологиялық мәдениетті дамытуға және жастардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды жобалар жүзеге асырылды.
5 маусым – Қоршаған ортаны қорғау күніне орай қорытынды іс-шара Қаскелең орманшылығы аумағында кең ауқымда ұйымдастырылды.
Іс-шараға ұлттық парк қызметкерлері, мектеп орманшылықтарының мүшелері, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері, қоғамдық ұйымдар, еріктілер, блогерлер, БАҚ өкілдері және табиғат жанашырлары қатысты.
Іс-шара барысында мектеп орманшылығының оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, ән айтып, би билеп, мерекелік бағдарламаның көркін қыздырды. Олар табиғатты қорғау тақырыбындағы іс-шараға белсенді қатысып, өз үлестерін қосты.
Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған іс-шаралар табиғатты қорғау ісіне қоғамның кеңінен атсалысуының маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
Ұлттық парк қызметкерлері, жастар, еріктілер және қоғам өкілдері бірігіп, табиғатты қорғау жолындағы ортақ мақсатқа өз үлестерін қосты. Сонымен қатар, қатысушылар ағаш отырғызу және орманды молайту жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаны жақсартуға нақты үлес қосты. 30 жылдық дәстүрге айналған бұл акция – бірлік пен белсенділіктің, табиғатқа деген жанашырлықтың жарқын үлгісі.
Табиғатты қорғау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз. Бірге атқарған жұмыстарымыздың нәтижесі қоршаған ортаны сақтауға және келер ұрпаққа таза табиғатты аманат етуге үлкен үлес қосады.
Біз табиғатты бірге қорғаймыз!