«Парктер шеруі – 2026»

«Парктер шеруі – 2026» халықаралық табиғат қорғау акциясының салтанатты жабылу рәсімі өтті.

Ауқымды шара «Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесінің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс ұйымдастырылып, табиғатты қорғау ісіндегі маңызды бастамаларды біріктірді. Ұлттық парк үшін дәстүрге айналған «Парктер шеруі» акциясы қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруда, жастардың экологиялық білімін арттыруда және қоғамның табиғатқа деген жауапкершілігін нығайтуда ерекше маңызға ие.
«Парктер шеруі» және «Таза Қазақстан» бағдарламалары аясындағы қорытынды іс-шара ұлттық парк филиалдарында өтіп, табиғат жанашырларын ортақ мақсатқа жұмылдырды. Шараға ұлттық парк қызметкерлері, мектеп орманшылықтарының мүшелері, студенттер, қоғамдық ұйымдар өкілдері, мемлекеттік мекемелер, қоғамдық қорлар, еріктілер, блогерлер, БАҚ өкілдері және табиғатты сүйетін көптеген азаматтар қатысып, акцияның кең қолдау тапқанын көрсетті.
Мерекелік бағдарлама барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінің әскери оркестрі, оқушылар мен өнерпаздар, эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, ән мен биден шашу шашып, табиғатты қорғау тақырыбындағы көрмелер көпшілік назарына ұсынылды. Әсем әуендер мен патриоттық композициялар мерекенің сәнін келтіріп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қатысушылар тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаны сақтауға өз үлестерін қосты.
Табиғатты қорғау – баршамызға ортақ міндет. Осындай игі бастамалар қоршаған ортаға жанашырлықты арттырып, келер ұрпаққа табиғи байлығымызды сақтап жеткізуге жол ашады.