Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметімен танысты

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметімен танысты

2026 жылғы 30 мамырда Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Алматы облысына жұмыс сапары аясында Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Талғар филиалында болды.

Сапар барысында ұлттық паркінің бас директоры Е. Ахметов министрді орман қорын молайту, орман питомниктерін дамыту, биологиялық әртүрлілікті сақтау және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу бағытындағы негізгі қызмет нәтижелерімен таныстырды. Сонымен қатар экологиялық туризмді дамыту, туристік инфрақұрылымды жетілдіру, экологиялық соқпақтар мен туристік маршруттарды абаттандыру, сондай-ақ «Таза Қазақстан» және «Парктер шеруі» жалпыұлттық бастамалары аясында табиғат қорғау іс-шараларын іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Министр автоматтандырылған бақылау-өткізу бекеттерінің жұмыс нәтижелерімен танысты. 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша ұлттық парк аумағына 521,7 мың адам келіп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе жоғары көрсеткішті құрады. Ал түсім көлемі 334,3 млн теңгеге жетіп, 2,3 есеге артты.

Сондай-ақ Ерлан Нысанбаев II типті орман өрт сөндіру станциясында болып, бөлімшенің өрт қауіпті маусымға дайындығымен, қолданыстағы техникалық жарақтандырылу деңгейімен және орман өрттерінің алдын алу мен болдырмауға бағытталған шаралар кешенімен танысты.

Сапар қорытындысы бойынша ұлттық паркті одан әрі дамытудың басым бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, материалдық-техникалық базаны нығайту, табиғат қорғау қызметінің тиімділігін арттыру және Іле Алатауы ұлттық паркінің табиғи кешендерін сақтай отырып, экологиялық туризмнің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілді.