Shymbulak тау курорты Кіші Алматы шатқалының табиғи экожүйесін қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда.
Shyrshaly экологиялық жобасының екінші кезеңі аясында курорт аумағына 560 түп Тянь-Шань шыршасы отырғызылды.
«Іле-Алатауы» ұлттық паркімен бірлесіп, ағаш отырғызуға арналған жаңа учаскелер анықталып, отырғызу шұңқырлары дайындалды. Сондай-ақ көшеттерді жеткізу және отырғызу, алғашқы суару мен тыңайтқыш енгізу жұмыстары ұйымдастырылды.
Биыл жобаға Қазақстанның Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясы қосылып, 60 түп шырша сатып алуды қамтамасыз етті. Сонымен қатар курортпен бірлесіп экологиялық іс-шара өткізді.
Shyrshaly жобасы биыл Алматы тау кластері аумағында бірнеше мың түп ағаш отырғызылған жасыл аймақтарды толықтырды.
Shyrshaly — Shymbulak тау курортының туған өлкеміздің бірегей тау табиғатын сақтау мен қалпына келтіруге бағытталған ұзақ мерзімді бастамасы.
Бүгін отырғызылған 560 шырша — ертең Кіші Алматы шатқалының табиғи мұрасын сақтауға қосылған үлес.