Табиғатқа әр берген Іле-Алатауы бұталары

Алматының заңғар тауларын алып жатқан Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – әралуан флораға, оның ішінде әсем әрі экологиялық маңызды бұталарға бай кешен. Парк аумағында популяциясы басым түсетін бұта туыстарына – бөріқарақат, тобылғы, шырғанақ, ырғай, қараған, шетен, түйесіңір, арша, т.б. бұталар жатады. Аталған бұта туыстарының түгелі дерлік эстетикалық мәнге ие, сондай-ақ, тау жотасының экожүйесіне қосатын үлесі ересен зор. Айталық, олардың тамыр жүйесі топырақ эрозиясының алдын алуға көмектессе, жер үсті мүшелері аймақтың биоәралуандығына үлес қосады, яғни – түрлі құстар мен сүтқоректілердің, жәндіктердің баспанасы мен қорегі. Бүгін осы бұталардың ішінен гүлдеу маусымы бір уақытта басталатын екі түрді: түкжеміс тобылғы мен бұта қарағанды таныстырмақпыз.
Түкжеміс тобылғы (лат. Spіraea lasiocarpa) – раушангүлдiлер тұқымдасына жататын көп жылдық бұта. Биіктігі 1.5 метрге дейін жетеді. Сабағы түзу. Жапырағы қауырсын тәрізденіп тілімделген, жиектері бүтін болады. Гүлі қос жынысты, аталығының саны 10, аналығы – 5, ақ түсті, хош иісті. Гүлдері қалқанша, шатырша, сыпыртқы гүлшоғырына топталған. Мамыр – шілде айларында гүлдеп, тамызда жеміс салады. Жемісі – қабаттасқан жапырақша. Биыл парк аумағында сәуір айының 20 жұлдызынан бастап жаппай гүлдеуі басталды.
Таралу аймағы: Іле және Жоңғар Алатаулары, Күнгей Алатау, Кетмен-Теріскей Алатауы, Қырғыз Алатауында таулы, далалы жерлерде, тау бөктерінде, шалғындарда өседі.
Шаруашылық маңызы: Тобылғыны әсемдік үшін өсіреді. Балды өсімдік, жақсы мал азығы. Құм тоқтату үшін үй шаруашылығында пайдаланылады. Халық медицинасында антиоксиданттарға бай тамырын жүрек және бас ауруларына, жүйке жүйелері ауруларына қолданған.

Бұта қараған (лат. Caragana frutex) – бұршақ тұқымдасына жататын биіктігі 0,5 – 2 метр болатын аз тікенекті бұта. Жапырағы қос қауырсын тәрізді, оның сағағы тікенекті болып біткен. Гүлі бір-бірден не шоқтанып гүл сағағында, жапырақ қолтығында орналасқан. Гүл тостағаншасы түтік пішіндес, қапшыққа ұқсайды. Гүлшоғыры сары, кейін қоңыр түсті болады. Жемісі – көп тұқымды бұршақ. Гүлдеу кезеңі түкжеміс тобылғымен бірдей, яғни мамыр-шілде айларында гүлдеп, қыркүйекке дейін жеміс салады.
Таралу аймағы: Қазақстанда Ақтөбе, Мұғалжар, Торғай, Ұлытау, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының өзен алқаптарында, орман шетінде, шөлде, орманды далада, тоғайда өседі. Сондай-ақ, Қарқаралы, Зайсан, Бетпақдала, Алтай, Тарбағатай, Шу-Іле тауларында кездеседі.
Шаруашылық маңызы: Түкжеміс тобылғы секілді балды өсімдік, әсемдік үшін өсіріледі. Қарағанның гүлдері мен қабығынан қайнатпа жасап, тұнбасын суық тигенде, асқазан мен ішек ауруларына, стоматитке қарсы ем ретінде қолданады.
Аталған бұта түрлері көзді еліктіріп қана қоймайды, сонымен қатар маңызды экологиялық, шаруашылық мәнге ие. Көрікте әрі маңызы зор әр өсімдік түрі – Іле-Алатау тау жотасының ажырамас бөлігі.