Табиғаттың әсем көрінісі

Күні шуақты, жібек самалды жаз айы да келіп жетті. Жан сарайыңды баурап алатын Іле-Алатаудың салқын ауасы, заңғар таулары, ну орманы кімді болса да өзіне елітіп, ентелетері анық. Мұнарлы ағаштар арасынан өткен желдің әрбір екпіні симфония іспеттес. Осылайша табиғат өзінің үнсіз ұлылығымен жан сарайыңды тыныштыққа бөлейді. Назарға парк аумағында гүлдеп жатқан шөптесін өсімдік түрлерінің ботаникалық сипаттамасын, шаруашылық маңызын және мамандар түсірген әсем фотосуреттерін ұсынамыз.
1. Шымған ұлықбекиясы (Ulugbekia tschimganica) – Айлаулықтар тұқымдасына жататын монотипті туыс өкілі. Шөптесін беткейлерде, төменгі және ортаңғы тау белдеулеріндегі бұта шіліктерінің арасында, солтүстік және Батыс Тянь-Шаньда кездеседі. Көпжылдық шашақ тамырлы тамырсабағымен және жалбыр түкті сабағымен (биіктігі 60 см-ге дейін). Жапырақ саны көп, кезектесе орналасқан, отырыңқы, сопақ қандауыр пішінді, барынша үлкен (ұзындығы 6-8 см, ені 2-см). Ұлықбекия көктемнің сәуір-мамыр айларында гүлдейді, жемістері күңгірт-сұр түсті, жылтыр төрт жаңғаққа бөлінеді. Маусым-шілдеде піседі. Өсімдіктің бар бөлігі әртүрлі белсенді әсер ететін заттар бөледі, тұқымының құрамында қою майы бар (15%). Ғалымдар тамырынан және жер үсті бөлігінен жасалған препараттар бүйректің жұмысын жақсартатындығын, сондай-ақ саңырауқұлақтарды жоятындығын дәлелдеді. Ерекше сәндік өсімдік.

2. Ақезу бәрпі (Aconitum leucostomum) – Сарғалдақтар тұқымдасына жататын шөптесін өсімдік, қазақстандық 11 түрдің ішіндегі ең көп тараған түрі. Шығыс ұсақшоқыларында, Алтай, Тарбағатай, Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шань тауларында кездеседі. Орман және субальпі шалғындықтарында, қылқанжапырақты және аралас ормандарда, өзен аңғарларында өседі. Жиі қалың шілік құрады, сабағы биік (2 м-ге дейін) қабырғалы, жай және безді түк басқан. Жапырағы өте ірі, төменгілері ұзын сағақты ірі тісшелі, саусақ салалы бөліктерге бөлінген. Гүлшоғыры қалың, көп гүлді, бұтақтанған. Гүлдері сұрғылт-күлгін, иілген гүлтабанына отырған. Мәрпі маусым-тамызда гүлдейді, шілдеден бастап жеміс береді. Бәрпі туысына жататын өсімдіктердің барлық түрі улы болады, тамырында 0,8-1,9 пайыз алкалоид болғандықтан, дәрі алу үшін пайдаланады. Бәрпіні мал жемейді, негізінен сәндік өсімдік.

3. Қызылкүрең түсті шөмішгүл (Aquilegia atrovinosa) – Сарғалдақтар тұқымдасына жататын көпжылдық өсімдік түрі. Отаны негізінен орталық Азияның қоңыржай аймақтары: Қазақстан, Қырғызстан, Шыңжаңның солтүстігі (Қытай). Шөмішгүл туысының солтүстік жарты шардың қоңыржай белдеулерінде кездесетін 100-ге жуық түрі белгілі. Қазақстанда таудың тастақты беткейлерінде, бұлақ жағаларында, қылқан жапырақты аралас ормандардың шетіндегі көлеңкелі жерлерде өседі. Биіктігі 15 – 90 см. Тамырсабақтары қысқа, сабағы тік өседі, оның сыртын безді түктер жауып тұрады. Екі еселеніп салаланған, үш құлақты жапырақтары сабақ ұшына қарай жоғарылаған сайын кішірейе береді. Гүлдері ірі (диам. 3 – 10 см), тостағанша жапырақшаларының саны 5, күлтесі де бесеу, олардың әрбіреуінің ұшы сүйірленіп, түтік тәрізді жіңішкеріп тепкіге (шпорец) айналған. Түстері – күлгін, ақ, көгілдір, күрең-қызыл, көк, сары, т.б. Аталығы көп, аналығының саны 3 – 15, мойны ұзын. Мамыр – маусым айларында гүлдеп, жемістенеді. Жемісі – жапырақша жеміс (ұзындығы 2,5 см-дей). Шөмішгүлдің гүлдері өте әдемі, сондықтан олар гүлзарларда сәндік үшін өсіріледі.

4. Азия ботакөзі (Myosotis asiatica) – Айлауықтар тұқымдасына жататын өсімдік. Батыс Тянь-Шанынан Алтайға дейінгі барлық биік тауларда кең таралған Қазақстандық он түрдің бірі. Таулардың жоғарғы белдеуіндегі ірі қиыршық тасты, ылғалды беткейлерде, альпі, субальпі орман шалғындықтарында өседі.Сабағы бірден,кейде бірнешеуден болып келеді, түбі босаң (биіктігі 30 см), сыртын қаттылау түк басқан. Түбінде жапырақтары созыңқы эллипс тәрізді, ұзын сағақты, сабақтағылары қандауыр тәрізді, отырыңқы. Гүлдері қалың қысқы шашақта, гүлдеген соң ұзарады. Тостағаншасы үшкір бөліктерге тереңдей кесілген, күлтесі ашық көк түсті, қысқа түтікті және тегіс дөңгелек тәрізді желбірлі (диаметрі 1-см аздау), бес дөңгеленген қалақшаға тілімделген. Ботакөз маусым-шілдеде гүлдейді, жемістері (жұмыртқа тәрізді төрт тегіс жаңғақшадан тұрады) шілде-тамызда піседі. Өте тартымды сәндік өсімдік.

5. Азия қазтабаны (Potentilla asiatica) – Раушангүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның биік таулы аймақтарында орман-тоғай шетінде, шыршалы ормандарда, далалы жерлер мен шалғындықта, су жағасында өседі. Тарбағатай, Жоңғар Алатауы, Іле Алатауы, Күнгей және Теріскей Алатауы аумағында және батыс Тянь-Шаньда кездеседі. Биіктігі – 15-70 см. Тамыры жуан, тамырсабағы түйнек тәрізді болады. Сабақтары тік, кейбір түрлерінде төселмелі келеді. Жапырақтары саусақ салалы, қауырсын тәрізді күрделі. Сары гүлдері қалқанша-сыпыртқы гүлшоғырын құрайды, кей түрлерінде жеке орналасады. Гүліндегі тостағанша жапырақшалары 5 немесе 4-тен сыртқы және ішкі шеңбер құрып орналасады. Гүл табаны дөңес, ойыс келеді. Көктемнен қоңыр күзге дейін гүлдейді. Жемісі – құрғақ келген, көп жаңғақша, дәрілік өсімдік, оның суда дайындалған тұнбасын тырыспаға, ішек түйілгенде және асқазан ауруларына қарсы қолданады. Сондай-ақ, сіңір тартылғанда, тері ауруларына қарсы ванна немесе компресс жасауға болады. Жапырақтары мен жас өркендерін үй құстарына жем ретінде береді.

6. Орман қазтамағы (Geranium sylvaticum) – Қазтамақтар тұқымдасына жататын бір немесе көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда шалғындық жерлерде өзен аңғарында, орманда, тау беткейлерінде өседі. Биіктігі 10-40 см. Сабағы тік, сыртын түк жапқан. Тілімденген жапырақтары қарама-қарсы не кезектесіп орналасады. Маусым-тамыз айларында гүлдеп, шілде- қыркүйекте жемістенеді. Жемісі – дәнек. Қазтамақ илік заттарға бай, оның гүлдерінің құрамында, сабағында танин, бояғыш заттар, кальций мен каротин, С дәрумені мен геранин (эфир майы алынады) бар. Тамырынан немесе кепкен шөбінен алынған тұнбаны бүйрекке байланған тасты ерітуге, ревматизм мен радикулитті емдеуге пайдаланады.