Қызыл кітапқа енген, Іле Алатау ұлттық паркінің аумағында мекендейтін кішкентай аң туралы естігеніңіз бар ма?
Иә, ол — тас сусары .
Бір тұқымдас өкілі болғанымен, тас сусары ақкіс пен сасық күзенге тікелей туыс емес. Алайда ортақ қасиеттері бар: үшеуі де жыртқыш және тек ымырт кезінде белсенді, ал күндіз індерінде тығылып жатады.
Тас сусары өте сирек кездессе де, адамнан қатты үрікпейді, кейде үй-жай маңын да еркін кезіп жүреді. Ал қалған екі түр — ақкіс пен сасық күзен Қызыл кітапқа енбегенімен, Халықаралық табиғат қорғау одағының (ХТҚО) тізімінде тұр. Сондықтан олардың әрқайсысын сақтап қалу маңызды.
Сасық күзен — туыстарының ішіндегі ең ірісі әрі ең мықтысы. Ол тіпті суыр мен шақылдақты да аулай алады!
Ал ақкіс түлеген кезде терісінің түсін өзгертеді: қыста — аппақ, көктемде — қоңыр түске боялады. Бірақ бір қызығы — құйрығының ұшы жыл он екі ай бойы қара болып қалады.


