«Таза Табиғат»

Бүгін Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Алматы мемлекеттік бизнес колледжі мен Іле Алатау ұлттық табиғи паркінің Медеу филиалы бірлесіп, табиғатты қорғау мен жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған «Таза Табиғат» атты кең ауқымды экологиялық квест ұйымдастырды.

Іс-шараға 100-ге жуық студент, колледж директоры @ainura.2302 , оқытушылар, орманшылар, инспекторлар мен кәсіби экологтар қатысты. Шараның басты мақсаты — жастар арасында қоршаған ортаны аялау мәдениетін қалыптастыру және қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыру.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде былай деген болатын:
«Экологияны қорғау — барша азаматтың басты міндеті. Табиғатты сақтау — келер ұрпақ алдындағы борышымыз». Осы ұстаным негізінде ұйымдастырылған бұл шара қоғамды біріктіріп, табиғатқа деген қамқорлық сезімін тереңдетуге бағытталды.

Экологиялық квест форматына құрылған іс-шара 4 бекет бойынша өтті:
1. «Жина — жеңіске жет» – қатысушылар топ-топ болып, қоршаған ортаны қоқыстан тазарту жарысына қатысты.
2. «Эко-викторина» – студенттер экологияға қатысты сұрақтарға жауап беріп, білімдерін сынады.
3. «Эко-селфи» – таза табиғат аясында шығармашылыққа ерік беріп, ең креативті суретке түсірді.
4. «Қайта өңде де жең» – жиналған қоқыстарды сұрыптап, олардан қандай пайдалы бұйым жасауға болатынын көрсетті.

Қатысушылар «Жүрекшелер», «Жасыл өлке», «Смешарики» және «777» атты төрт топқа бөлініп, барлық бекетте белсенділік танытты. Әр кезеңде жиналған ұпайлар бойынша жеңімпаздар анықталып, грамоталар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Таза Табиғат» экоквесті жастарды табиғатпен үндестікке үндеп қана қоймай, олардың шығармашылығы мен топпен жұмыс істеу қабілетін де дамытты.